Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары қарсаңында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен medal Holding GmbH неміс компаниясының акционері Андреас Шнайдер арасында кездесу өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша «Қызылорда облысында шыны ыдыс шығаратын зауыт құрылысы»жобасы бойынша тараптардың стратегиялық ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың жобаны іске асыру үшін «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен Medal Holding GmbH арасында өзара тиімді әріптестік құру ниетін бекітті.

Қазіргі уақытта жобаның алдын-ала құны шамамен 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба импортты алмастыруға бағытталған және елдің шыны өніміндегі өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін 25% – ға арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағында іске асыру жоспарлануда, бұл өңірдің дамуына серпін беріп, 400-ге дейін жұмыс орнын ашады.

Технологиялық серіктес Германияның жетекші жабдық өндірушілерінің бірі HORN өндірістік-инжинирингтік компаниясы болады.

Меморандум жобаны бірлесіп пысықтауды көздейді және оны іске қосу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруді көздейді. Қол қойылған құжат шеңберінде Medal Holding GmbH техникалық сарапшылары өнеркәсіптік жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісуге ниетті.