Мемлекет басшысы Атырау облысында KPI газ-химия кешенін іске қосты

2022 жылғы 8 қарашада Мемлекет басшысы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысын бастады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиев Мемлекет басшысына газ-химия кешенін дамытудың келешегі туралы айтып берді. Кешеннің құрылысына 4300 адам жұмылдырылған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Теңіз кенішіндегі шикізатты өңдеуге маманданған бұл кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге есептелген, бұл әлемдік өндірістің 1 пайызын құрайды.

Өндірістік кешен ішкі нарықтағы полипропиленге деген сұранысты қанағаттандырып қана қоймайды, сонымен қатар құрылыс және медицина өнеркәсібі, автомобиль өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі үшін полипропилен өнімдерін шығаратын шағын және орта кәсіпорындардың қызметін жеңілдетеді.

Компания американдық Lummus Technology Inc компаниясының Catofin және Novolen технологияларын пайдаланады. Мұндай кешендер әлемнің бес елінде – Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытайда ғана жұмыс істейді.

Дереккөз: SK NEWS